Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қоғам белсенділері, ұстаздар қауымы және М. Сужиковтің ұрпақтары қатысқан шара барысында өңір әкімі Қырымбек Көшербаев айтулы тұлғаның өмірбаяны мен еңбек жолына кеңінен тоқталып өтті.
«Ұлылардың ұлағатын ұмытпау - ел боламыз деген халықтың тарих алдындағы парызы» деген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұлағатты сөзін еске ала отырып, бүгінгі шара иесі - Мұхамедғали Әленұлы Сужиковке арналған жақсы сөз халқының берген бағасы деп білеміз. «Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты» дейді. Саналы ғұмырын халықтың әл-ауқатын жақсартуға арнап, Сыр өңірінің өркендеуіне, дамуына қайталанбас қолтаңбасын қалдырған Мұхамедғали Әленұлы Сужиковтің нар тұлғасы заман өткен сайын биіктей бермек»,-деді Қ. Көшербаев.
Мұхамедғали Әленұлы Сужиков 1910 жылы 15 қыркүйекте қазіргі Астрахань облысы Володар (Марфа) ауданында дүниеге келген.
Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, қазақ жұмысшылар факультетінің директоры қызметіне дейін көтеріледі. Қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласып, 28 жастағы ұстаз аудандық партия конференциясында аудандық комитеттің және оның бюросының мүшесі болып сайланады. Сталинград облысы Володар аудандық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалады.
1948 жылы Қазақстанға жолдама алып, Ақтөбе облыстық партия комитетінің кадр жөніндегі хатшысы болып сайланды.
Көп ұзамай облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына бекіп, 1951 жылдың соңына қарай Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметіне сайланды. 1954 жылы Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы қызметін атқара жүріп, Қызылорда облыстық партия комитетінің пленумында обкомның бірінші хатшылығына сайланды.