ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы орталық ауруханада мүгедек жандардан заңсыз салық ұстау дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл деректер Қармақшы аудандық прокуратурасының тексеру шарасы барысында белгілі болды. Осылайша Салық кодексінің 346-бабы бұзылған. Аудандық орталық ауруханасының 11 мүгедек-жұмысшысынан заңсыз салық ұсталған.
«Осыған байланысты аудандық прокуратура Қармақшы аудандық орталық ауруханасы дәрігерінің атына заңбұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізді. Кадағалау актісі негізінде мүгедек жандардан салық ұстау тоқтатылды», - деп жазылған облыстық прокуратураның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Осының нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі жандарға 1 млн теңге көлемінде қаржылары қайтарылды. Кінәлі тұлғалар тәртіптік жазаға тартылды.
Естеріңізге сала кетелік, Қызылорда облыстық прокуратурасы Қызылордада энергия бағасын заңсыз көтергендер жауапкершілікке тартқан еді
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.