Қызылордада «Нұр Отан» партиясының өкілдері баспана мәселесі бойынша тұрғындармен кездесті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы халыққа қаншалықты тиімді?» деген тақырыпта «Арай-2», «Арай-3» мөлтек аудандары тұрғындарымен жүздесті, деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі партияға сілтеме жасап.

Кездесуге комиссия мүшелерімен қатар облыстық партия филиалы қоғамдық қабылдауының меңгерушісі Мақсұт Баекеев, облыстық партия филиалындағы заңгер-кеңесші Сәбитбек Алшынбеков және Қызылорда қалалық тұрғын үй коммуналдық шарушылығы мен тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қайрат Абсұлтанов қатысты.

Қызылорда қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қайрат Абсұлтановтың айтуынша, нақты кезеңде Қызылорда қаласы бойынша тұрғын үйге мұқтаж 21593 отбасы кезекте тұр. Өткен жылы «Өңірлерді дамытудың -2020» бағдарламасы бойынша Қызылорда қаласына қарасты Титов мөлтек ауданынан жас отбасыларға арналған 180 пәтерлі 3 тұрғын үй, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 2015 жылы 240 пәтерлі 5 ипотекалық үй «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы, онан бөлек коммуналдық тұрғын үй қорынан 120 пәтер, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 350 пәтерлік 7 тұрғын үйдің кілті тұрғындарға табысталған.

«Тұрғын үй алу кезегіне тіркелген азаматтардың кезек ретті қала әкімдігінің ресми веб-сайтында жаңаланып отырады. Алдағы уақытта да азаматтар сондағы реттілік бойынша пәтермен қамтылатын болады»,- дейді бөлім басшысы Қайрат Абсұлтанов.

Кездесу барысында комиссия мүшелерімен сұхбаттасқан тұрғындар жалпы Елбасының халықты баспанамен қамту бағытындағы барлық бағдарламаларын толық қолдайтындықтарын және олардың тұрғындар үшін тиімді екенін айтты. Мәселен, Абзал Жұмабайдың бірден пәтер алуға қаржысы болмаған. Бүгінде ол «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспаналы болып отыр.

«20 жылға алдым. Айлық жалақымнан төлеп отырмын. Ең бастысы баспанам бар, қалғаны өз ретімен болып жатар»,- дейді ол.

Нұротандықтар кездесу соңында олардың ұсыныс тілектерін тыңдап сұрақтарына толыққанды жауап берді.