Қызылордада облыс активі Елбасының халқына арнаған биылғы Жолдауын талқылады - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Қызылордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылғы халыққа арнаған «Қазақстан-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ!» атты дәстүрлі Жолдауын талқылауға арналған облыс активінің отырысы болып өтті.

Жиында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев биылғы жылғы стратегиялық құжаттың мемлекеттің өркендеуіне негіз қалайтынын айта келе, оның ішінде аймақтың дамуына жол ашатын басым бағыттарына кеңінен тоқталды.

«Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ!» - бұл біздің жаңа дәуірдегі кемел келешектің жолбастар темірқазығы. Елбасымыз атап өткендей, 2050 жылға дейінгі дамудың басты мақсаты - Қазақстанның ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Бұл мақсатқа жетуге бізде барлық мүмкіндіктер бар. Елбасы алдағы 40 жылға жуық уақыттың бедерінде атқарылатын істерді елеп, екшеп берді. Соның негізінде Қазақстанның болашақ даму бағдары айқындалды», - деді облыс әкімі Қ. Көшербаев өз сөзінде.

Елбасымыздың биылғы Жолдауында елімізде инвестициялық климатты нығайту мақсатында инвесторларды көптеп тартып, нәтижелі жұмыстар жүргізу қажеттігін қадап айтқан болатын. Бұл тұрғыда өңірде металлургиялық кластер құруды жолға қою қажет. Сондықтан аймақта Баласауысқандық пен Құрымсақ ванадий кен орындарын, Шалқия қорғасын-мырыш, мыс кенін барлау, игеру ісі назарда тұр. Сонымен қатар өңір экономикасын дамытудың тағы бір көзі - Қызылорда облысының минералды-шикізаттық базасын әрі қарай жетілдіру. Ол үшін жаңа кен орындарын барлау арқылы ілеспе газ және мұнай өндіру көлемін арттыру жұмыстары қолға алынуы тиіс.

«Елбасы бұл Жолдауда атомэлектростансасы үшін өз жанар-жағар май өндірісін дамыту және атом стансаларын салуды міндеттеді. Қазақстан - уран өндіруде әлемдік лидер. Оның ішінде Қызылорда облысы 2020 жылға қарай елде шығарылатын барлық уранның басым бөлігін өндіретін болады. Біз «Казатомпром» Ұлттық Атом Компаниясымен бірлесіп уран өндірумен қатар, оны өңдеуді ұйымдастыру бойынша жұмыстарды жалғастырамыз», - деді аймақ басшысы.

Елбасы биылғы Жолдауда шағын және орта бизнесті дамыту - XXI ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы екендігін атап өтті. Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20 пайызы орнына, кемінде 50 пайызын өндіретін болады. Бұл тұрғыда Сыр өңірі Елбасы тапсырмасына сәйкес нақты қадамдар жасап, 2020 жылға қарай шағын және орта бизнестің ішкі өнімдегі үлесін 25 пайызға жеткізуді көздеп отыр.

Сонымен қатар Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдауынан туындайтын білім саласына қатысты маңызды міндеттерді жүзеге асыруда да нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл жайында аймақ басшысы Сыр өңірінде білім беру сапасын арттыру мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті Оның ішінде білім қуған жастарды қолдау мақсатында бұған дейін облыс әкімінің 123 гранты тағайындалғанын, биыл оның санын 300-ге жеткізу көзделіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар аймақта «Балапан» бағдарламасы жүйелі жүргізілсе, мектептерде үш ауысымда оқыту мәселесі түбегейлі шешімін тапқанын тілге тиек етті.

Актив отырысында ҚР Еңбек Ері, облыстық күрішшілер одағының төрағасы Абзал Ералиев жарқын болашаққа жол ашатын құнды құжатта көрсетілген міндеттердің әрбірінің маңызы жоғары екенін айтса, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары Жолдауда айтылған басым бағыттар төңірегінде өз ой пікірлерін жеткізді. Облыстық мәслихат хатшысы Бекмырза Еламанов қатысушыларды Жолдауда көрсетілген барлық бағыттарды кеңінен насихаттауға шақырды