Қызылордада облыс спортшыларына құрмет көрсетілді
Оларды облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Ұранхаев қабылдады.
Үстіміздегі жылы Сыр бойының спорт саңлақтары спорттың әр түрінен әлем және Азия чемпионаттарына қатысып, ұзын саны 25 медаль алып қайтты. Олардың он бірі алтын болса, төртеуі күміс, қалғаны қола медаль. Бұдан басқа, қызылордалықтар ел біріншіліктерінде 340 медаль алса, олардың 124-і алтын, 77-сі күміс және 139-ы қола медаль болды.
Қабылдауда облыс әкімінің орынбасары Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Тәуелсіздікке 20 жыл мерекелік медалімен марапатталған спортшылар мен жаттықтырушыларға оны салтанатты жағдайда табыс етті. Ол сондай-ақ облыс спортының дамуына үлес қосқан бір топ спорт мамандары мен саңлақтарына облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын тапсырды.
Құрметке бөленгендер атынан сөз алған облыстық спорт шеберлігі мектебі ауыр атлетика бөлімінің жаттықтырушысы Вилорий Пак, еркін күрестен ересектер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Дәулет Ниязбеков жасалып жатқан құрметке алғыс айта келіп, облыс спортшылары келешекте де биік белестерден көріне беретінін жеткізді.
Салтанатты шара барысында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Ұранхаев Лондон олимпиадасына жолдама алған жерлесіміз Дәулет Ниязбековке пәтер кілтін табыс етті. Шара барысында биылғы жылы Әлем және Азия чемпионаттарында жүлдегер атанған спортшыларға ақшалай сыйлықтар берілді.