ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Туған жер – тұнған шежіре» атты эрудит-шоу өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш игі шара Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында жүзеге асырылды.
«Сыр бойында өткеннің сайраған ізіндей, көненің көзіндей болған, тарихи-мәдени орындар жайында айтылмаған сыр, жазылмаған шежіре қаншама. Сыр өңірінің тарихи мұраларын насихаттау, көне құндылықтар арқылы адамгершілік, патриоттық тәрбие беру, тарихты білу парыз екендігін насихаттауға алдымызға мақсат еттік. Бұл шараға №2 «Мұрагер» мектебінің жоғары сынып оқушылары қатысты. Оқушылар Сыр өңірінің ежелгі жәдігерлері мен елге қорған, пана болған ұлы тұлғаларына арналған танымдық сұрақтарға жауап берді», - деп мәлім етті кітапхана мамндары.
Сондай-ақ, оқушылар туған жерге арналған мақал-мәтелдердің жалғасын тауып, логикалық сөзжұмбақтар шешті. «Туған жер – тұнған шежіре» атты кітап көрмесімен танысты.
Бұған дейін Қызылордада жастарға Қорқыт ата мұрасы насихатталған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.