Қызылордада өндірілген өнімдер ТМД нарығында жоғары бағаланады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Өңірде тәулігіне 80 тонна жем шығаратын зауыт іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысындағы «Жан-Арай» ЖШС Сырдария және Қармақшы аудандарындағы бірнеше шаруашылықтарды біріктіріп, биыл 7000 гектарға күріш екті. Оның үстіне серіктестік өңірде тәулігіне 80 тонна жем шығаратын зауытты іске қосты. Мұнда 150 адам еңбек етеді.

«Жан-Арайдың» агроиндустриалды кешенінің құрылысына облыс орталығындағы оңтүстік өндірістік аймақтан жер бөлінді. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында кешенге су, газ, кәріз, электр жүйелері орнатылды. Зауытта немістің құны 927 мың евро тұратын «PETKUS» фирмасының жабдығы орнатылған.

Серіктестік бұл жобаны «Байқоңыр» ӘКК АҚ-мен бірлесіп іске асырды. Жем шығару, күріш өңдеу жұмыстары халықаралық стандартқа сәйкестендірілген. Зауыт аумағында шикізатты, дайын өнімді сақтайтын қоймалар, автотаразы, арнайы зертхана, қаптау цехы мен диірмен орналасқан. Шикізатты серіктестік өзі егеді және жергілікті шаруа қожалықтарынан сатып алады.      Қапталған күріш Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстанға экспортталады. Жемге деген сұраныс та жоғары. Қазір 30-дан астам фермерлік шаруашылықтармен және жеке кәсіпкерлермен ай сайын жем жеткізіп беру туралы келісім-шарт жасасқан.

Алдағы уақытта мұнда макарон цехы жұмысын бастап, оған 75 адам жұмысқа тартылмақ. Оған қоса оңтүстіккореялық технологиямен тез дайындалатын күріш лапшасын шығару да жоспарланған.

Серіктестік базасындағы «Жан-Арай-Агро» қаз фермасы Сырдария ауданының Айдарлы ауылында орын тепкен. Нақты кезеңде фермада 7700 бас қаз өсірілуде. Қазір құс фермасының 20 гектар жайылымы мен Сорқұдық көлі бар.

Айта кетейік, нарық заңына жауап беретін серіктестіктерді қолдау жайы Елбасының  Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам еңбегінде көрініс тапқаны белгілі. Ондағы 34-қадамда:  Мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту шеңберінде пенитенциярлық инфрақұрылымдарды дамыту жайы айтылып,  ондай мекемелерді мекемелерді салуға, ұстауға және басқаруға жекеменшік секторды тарту жөнінде ұсыныстарды екшеу және халықаралық тәжірибені зерттеу мәселесі қойылған болатын.