ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының қалыптасуы мен дамуын кешенді сипаттайтын 5-7 сыныптарға арналған «Өлкетану» оқулығы әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Өлкетану» оқулығын дайындауға облыстық бюджет есебінен 25 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі күні оқулық ҚР Білім және ғылым министрлігінің сараптамасынан өтті. Ол 2018-2019 оқу жылында білім беру ұйымдарында пайдалануға рұқсат етілген оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендер тізбесіне енді.
«Өлкетану» оқулығы 5-6-7 сыныптарға арналған.
Онда Сыр өңірінің тарихы, киелі жерлері жайлы аңыздар, тарихи деректер, тарихи тұлғалар, ұлттық қолөнер, туристік маршруттар басқа да қажетті мәліметтер жинақталған.
Аталған оқулық 2018-2019 оқу жылының 2-ші жарты жылдығынан бастап оқытылады.
Сондай-ақ, алдағы уақытта Қызылордада тарихи жәдігерлер жинақталған кітап жарыққа шығады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.