Қызылордада өңірлік индустриялық картадағы 21 жоба жүзеге асты

ҚЫЗЫЛОРДА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қызылордада өңірлік индустриялық картадағы 21 астам жоба іске асырылды.

Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Ардагер Ақжігітов хабарлады.

«Соңғы екі жылда индустриялық картаға 27 жоба енгізілсе, оның 21-і бүгінге дейін іске қосылды. Бұл жақсы көрсеткіш. Бірақ айта кетерлік жайт, өңірдегі кейбір аудандар бұл картаға енгізуге жобаларын ұсынбайды. Сарапшылық комиссия кез келген ұсынысты қарастыруға дайын, ал консалтингілік орталықтардың өкілдері кеңестер беруге әзір. Бірақ бастамалар әлі жеткіліксіз», - деді ол.

Басқарма бастығының айтуынша, «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда да осындай мәселелер баршылық. «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша өңірлік үйлестіру кеңесі қызылордалық кәсіпкерлердің 100 жобасын мақұлдады. Бастамалардың көпшілігі облыс орталығының кәсіпкерлерінен түседі. Айталық, бизнесті ашуға мүмкіндік мол Арал ауданынан бірде-бір жоба түспеді. Яғни, кәсіпкерлер мемлекет ұсынып отырған қолдауды пайдаланбай отыр», - деді А.Ақжігітов сөзінің соңында.