ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында мал қораның өртенуі салдарынан 16 қой мен 2 жылқы жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға бүгін, 10 қыркүйекте Жаңақорған кентіндегі А.Асанов көшесі бойындағы тұрғын үйдің мал қорасында болған. Бұл жөнінде хабарлама сағат 2.18-де төтенше жағдайлар қызметіне түскен.
«Хабарлама бойынша №14 өрт сөндіру бөлімінен 1 техника мен 4 қызметкер оқиға орнына барды. Анықталғаны, аумағы 10/20 шаршы метрді құрайтын мал қораның төбе жабыны толық жанған. Оған қоса ашық алаңда жиналған 100 пресс шөп отқа оранған. Мал қора ішінен 2 жылқы мен 16 қойдың жанып кеткен күйінде табылған», - деді Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Ведомство мәліметінше, өрт 3.15е толықтай сөндірілді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада көп қабатты үйде болған өрттен 12 адам құтқарылды .
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.