ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада өрт сөндірушілер төрт қабатты үйдің жертөлесіндегі өрттен үй-күйсіз жүрген 3 адамды және 19 жастағы тұрғынды құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш оқиға Қызылорда қаласының орталық бөлігінде орын тепкен Әйтеке би көшесі бойындағы төрт қабатты үйдің жертөлесінде болған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жылдам жетті. Онда өрт сөндіру қызметінің 7 маманы мен 2 арнайы автокөлік жұмыс істеді.
«Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамы оқиға орнында барлау жұмысын жүргізді. Көпқабатты үйдің астындағы жертөледен үй-күйсіз жүрген 3 адам мен 2000 жылы туған азамат құтқарылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Өрт сөндірушілердің жылдам іс-қимылының нәтижесінде төрт қабатты тұрғын үйге ешқандай залал келген жоқ.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.