Қызылордада Орталық коммуникациялар қызметінің филиалы жұмысын бастады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін облыс әкімдігінде ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Қызылорда облыстық филиалы ашылды. Орталықта облыс әкімінң орынбасары Нұржан Әлібаевтың және «ҚИК» ИҰ» АҚ төрағасының орынбасары Айсұлтан Акчуриннің қатысуымен өңірдегі тұрғын үй құрылысының қарқыны тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев 2020 жылға дейінгі бағдарлама ауқымында атқарылып жатқан жұмыстарға байланысты хабарлама жасады.

Тұрғын үй құрылысы мен оның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту бағыты бойынша әр түрлі қаржыландыру көздерінен барлығы 4 381,8 млн. теңге қаржы бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге кем. Алайда облысқа Елбасының «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы аясында Қызылорда қаласына 13,0 млрд. теңге қаржы инвестиция тарту арқылы тұрғын үй құрылысының орны толмақ. Бұл қаржыға «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ желісі бойынша 78,0 мың шаршы метрді құрайтын 22 тұрғын үй және «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қоры АҚ желісі арқылы 36,5 мың шаршы метрді құрайтын 13 тұрғын үй, барлығы 114,5 мың шаршы метрді құрайтын 1780 пәтер, 35 тұрғын үй салынбақ.

Биылғы жылы трансферттерді қоса есептегенде республикалық, облыстық бюджеттерден және Ұлттық қор есебінен барлығы-16,8 млрд. теңге қаржы қаралып, ағымдағы жылы 47 нысанның құрылысы жүргізілуде.

Баспасөз мәслихаты барысында жергілікті бұқаралық ақпарат өкілдерінен өзге тележелі арқылы басқа өңірлерден де сауалдар қойылды.