ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Төменарық елді мекенінің тұрғындары өртеніп кеткен үйдің тұрғындарына жаңадан баспана сатып алып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын Төменарық елді мекенінде кеше кешкісін тұрғын үй толықтай жанып кеткенін хабарлаған едік.
Өрттің шығуына электр жүйесінің тұйықталуы әсер еткен. Аудандық өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтағанымен, тұрғын үй жарамсыз болып қалған. Жалынған оранған үйде барлық мүлік пен құжаттар жанып кеткен.
«Сол үйдің тұрғыны Мырзабек Жиенбаевтың сыныптас достары және ауылдастары екі күннің ішінде алыс-жақындағы ағайыннан 4 млн. теңгеден аса қаржы жинап үлгерді. Жиналған қаржыға елді мекеннен басқа жаңа үй сатып алынды. Қаржының қалғаны отбасының өзге қажеттілігіне жаратылатын болды. Бұл игілікті іске ауыл әкімі Нұркен Қошқарбеков, аудандық мәслихат депутаты Нарымбет Көлжанов және өзге де белсенді азаматтар ұйытқы болды», - деді ауыл тұрғыны, жергілікті журналист Нұрлат Байгенже.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.