ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында екі жүк көлігі соқтығысуынан өрт шығып, бір адам қаза болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Шымкент-Самара» тас жолының Арал ауданы аумағындағы 1260 шақырымында болды. Жол бойында Өзбекстаннан Латвияға бағыт алған жүк автокөлігі қарама-қарсы бағытта Ақтөбе облысынан келе жатқан екінші жүк автокөлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан екі автокөліктен өрт шыққан.
«Жол-көлік оқиғасынан Ақтөбеден келе жатқан жүк көлігінің жүргізушісі өрт болған автокөлік ішінен шыға алмай, оқиға орнында қайтыс болды. Жол - көлік оқиғасының себеп-салдарын анықтау мақсатында тиісті сараптамалар тағайындалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Бұдан бұрын Қызылордадағы жол апатынан тағы екі адам көз жұмды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.