Қызылордада өтетін түйе палуандар сайысына Қазақстан Барыстары қатысады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - 24 қыркүйек күні сағат 16.00-де Қызылорда қаласы орталық стадионда Сартай Мықановты еске алуға арналған қазақ күресінен түйе палуандар арасында республикалық ашық турнир өткізіледі. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Дүбірлі бәсекеге Қазақстан Барыстары бастаған 30-дан аса Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облыстарының және Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің палуандары қатысады.

Мақсаты - жастар арасында ұлттық спорт түрі қазақ күресін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, палуандардың спорттық шеберліктерін арттыру және жастарды достыққа, патриоттық сезімге, ұлттық мәдениетке тәрбиелеу.

Жарыс Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық қазақ күресі федерациясының ұйымдастыруымен өтеді.

Қызылорда облысының намысын 10 спортшы қорғайды.

Жүлде қоры: I орынға - Nissan patrol, II орынға Toyota camry 55, III орынға Toyota corolla және IV орынға Lada priora жеңіл автокөліктері тігілген.