ЖАЛАҒАШ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жалағаш ауданы аумағында жол-көлік оқиғасы болды. Жол бойында екі көлік бір-бірімен соқтығысып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жол-көлік оқиғасы Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылының тұсында орын алған. Өзбекстан азаматы айдап келе жатқан «Hyundai Porter» автокөлігі қарсы бағытқа шығып кеткен. Салдарынан көлік иесі Қызылорда қаласы тұрғыны мініп келе жатқан «Volkswagen Crafter» автокөлігімен соқтығысып қалған.
«Жол апатынан қайтыс болғандар жоқ. Зардап шеккен бір азамат медициналық мекемеге жеткізілді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 345-бабының 2-бөлігіменсотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Онда көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы жағдайы көрсетілген. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ҚазАқпарат тілшісіне.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.