Қызылорда облысы полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлер арасында жемқорлықты болдырмау және заңдылықты сақтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізді. Аталған шара барысында департаменттің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі пара алғаны үшін ұсталды.
«Бүгінгі таңда оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігі бойынша (пара алу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оның барысында күдіктінің жасаған іс-әрекетіне сәйкес заңда белгіленген тәртіппен тиісті құқықтық баға беріледі. Тергеу мүддесінде өзге ақпараттар жариялануға жатпайды. Полицияда погондарына кір келтірмейтін, адал және жұмысына аса жауапкершілікпен қарайтын қызметкерлер жұмыс істеуі тиіс», - деп атап өтті Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бектөре Сұлтан.
Бұдан бұрын Қызылордада есірткі саудасымен айналысқан учаскелік полицей қолға түскен еді.