Оқиға бүгін, 30 шілдеде сағат 11.53 шамасында болған. Сол уақытта 112 құтқару қызметіне Абай даңғылы 62 үйдің төртінші қабатындағы пәтерден өрт шығып жатқаны жөнінде хабарлама келіп түскен.
«Оқиға орнына №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі жұмылдырылып, барлау жұмыстарын жүргізді. Мамандар пәтер ішінде тұрмыстық заттардың жанып жатқанын анықтады. Пәтерде ес-түссіз жатқан 1976 жылғы азаматшаның бар екені белгілі болды. Оны Өрт сөндіру жедел кезекшісінің орынбасары, азаматтық қорғау аға лейтенанты Олжас Ахметов пен №2 МӨСБ аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Мәди Төрәлиев қауіпсіз жерге алып шықты. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Содан кейін жедел жәрдем қызметіне тапсырылды. Азаматша қазір қалалық ауруханада ем қабылдауда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Ведомство мәліметінше, өрт сағат 12.09-да оқшауландырылып, сағат 12.12-де толық сөндірілген. Өрт шығыны мен шығын мөлшері анықталуда.
Еске салсақ, бүгін Шиелі ауданында ауа райы қолайсыздығынан мектептердің шатыры ұшып кетті.