Облыс орталығының шеткі аймағында орналасқан тұрғын үйлердің бірінде өрт шықты.
Оны Қызылорда қалалық полиция басқармасының Ақсай полиция бөліміндегі «Боран-5» экипажының полиция қызметкерлері өздеріне бекітілген әкімшілік аймағын аралау барысында байқап қалды.
Экипаж құрамында жүрген полиция капитаны Бақытжан Тастыбаев пен полиция аға лейтенанты Әділет Қуанышқа үйге кіру үшін терезені сындыруға тура келген.
Полицейлер өртке оранған үйге бірнеше қайтара кіруіне тура келді. Осылайша өрт шалған үй ішіндегі адамдарды бірінен соң бірін сыртқа шығарды.
Олар өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем бригадасы келіп жеткенше 5 адамның өмірін сақтап қалды. Оның бірі - бүлдіршін болса, тағы біреуі - жүкті әйел.
Төтенше жағдайлар департаменті мамандары тарапынан оқиғаға байланысты өрттің шығу себебі анықталуда.
«Полициядағы қызмет - адамдарға күнделікті көмек көрсету. Бұл - біздің жұмысымыз. Мен ерекше іс істедім деп ойламаймын. Бұл жағдайда кез келген адам осылай жасар еді», - дейді Бақытжан Тастыбаев.
Еске салсақ, бұған дейін Қызылордада тұрғын үй түгі қалмай өртеніп кетті.