ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық полицейлер ірі көлемде есірткі затын тәркіледі, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қызылорда облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының қызметкерлері «Самара-Шымкент» тасжолының бойында Байқоңыр қаласынан Арал ауданына қарай бағыт алған «Ваз-2114» маркалы автокөлігін жол ережесін бұзғаны үшін тоқтатқан еді. Тексеру барысында көліктің артқы орындығындағы сөмкенің ішінен полиэтилен пакетіне оралған ерекше иісі бар, шөп тәріздес зат анықталды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Ведомство мәліметінше, сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген зат жалпы салмағы жарты келіден астам кептірілген марихуана болып шықты. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтауда.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.