ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада полиция көлігі жол апатына ұшырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желіде оқиғаның Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кенті аумағында орын алғаны айтылған. Онда полиция көлігі жол жиегіндегі жиектасқа соғылып, біршама зақымданғаны көрініп тұр.
Бұл оқиғаны Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
«Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер жоқ. Автокөлікті қалалық полиция басқармасының қызметкері жүргізген. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 610-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама рәсімделді. Сонымен қатар, оған қатысты тиісті қызметтік тексеру жұмыстары жүргізілуде», - деді Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Байгелді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.