Қызылордада полиция қызметкері 3 жылға сотталды

ҚЫЗЫЛОРДА. 27 сәуір. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті қабылдау реттеу орнының жедел уәкілі полиция капитаны А.Сейтжаппаров жазықсыз адамдарды ұрпы-соғып, оларға жасамаған қылмысын таңуға әрекет еткені үшін 3 жылға

сотталды. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция қызметкері А.Сейтжаппаров 2011 жылдың шілде айында Шиелі кентінің тұрғыны Ә.Нұрымовты Қызылорда қаласы, Абай даңғылы бойында орналасқан «Болашақ» университетінің жанында тоқтатып, өзімен бірге қабылдау реттеу орнына алып келген. Сол жерде қолдарынан саусақ іздерін алып, суретке түсірткен соң, қызметтік кабинетке алып барып, Ә.Нұрымовты ұрып-соққан. Одан дүкен тонауға қатысы бар деген Данияр есімді адамды тауып беруін талап еткен. Сосын Ә.Нұрымовтың жеке басын анықтайтын құжаты жоқ деген желеумен оған қатысты әкімшілік ұстау және жеткізу хаттамасын толтырып, соңғы қабылдау реттеу орнында бір тәулік заңсыз ұстаған.

Аталған А.Сейтжаппаров 23 шілде күні Ә.Нұрымовты қабылдау реттеу орнынан шығарып, осы үшін одан 15 мың теңге және «Дядюшка Ли» кафесіндегі тонау оқиғасына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша оңды шешім қабылдау үшін 1 мың АҚШ долларын сұраған. Бұдан кейін жәбір көруші қаржы полициясына арызданады. Осы бойынша жүргізілген жедел іздестіру шаралары барысында 27.07.2011ж. сағат 17:30 шамасында А.Сейтжаппаров Ә.Нұрымовтан 15 мың теңге ақшаны пара ретінде алып жатқан жерінде қолға түсті.

Қызылорда қалалық сотының үкімімен А.Сейтжаппаров кінәлі деп танылып, ол 3 жыл мерзімге сотталды. Ол құқық қорғау, мемлекеттік органдарда қызметтер атқару құқынан айырылып және мүлкі тәркіленіп, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға, жазасын түзеу колониясының жалпы режимінде өтеуге сотты болды.