ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада 24 жастағы азамат пошта арқылы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқандарға есірткі затын өткізбек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұндай жағдай үш мәрте қайталанған.
Полиция қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде облыс орталығында тұратын 24 жастағы адам қолға түсті.
Ол уақытша ұстау изоляторына оқшауландырылды.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297 бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Онда есірткі заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу жағдайы көрсетілген.
Биылғы жылдың алғашқы айында облыстық полиция департаменті қызметкерлері есірткі құқық бұзушылықтың 11 дерегін анықтады.
Оның ішінде біреуі - есірткіні аса ірі мөлшерде сату мақсатында сақтау.
Заңсыз айналымнан 15 келіден астам есірткі заты тәркіленген.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.