Қызылордада Президент шыршасы өтті

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылордадағы №264 мектеп-лицейінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Президент шыршасы ұйымдастырылды.

Бұл туралы kyzylorda-news.kz сайтынан хабарланды.
Мектептің акт залы өңіріміздің барлық аймақтарынан және Қызылорда мен Байқоңыр қалаларынан жиналған балаларға лық толды. Қонақтардың көңілін Аяз ата, Ақшақар, жалмауыз кемпір, жыл иесі Жылқы кейпіндегі ертегі кейіпкерлері көтерді. Алдымен оқушылар қазақ және орыс тілдерінде балаларға оқуларында озат және Отанының қамқоршы азаматтары болып өсулеріне тілектестік білдірген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауы жазылған бейнероликті тамашалады.
Сонан соң өзінің балаларға деген ыстық ықыласын өңір басшысы білдірді. Осылайша аймақ басшысы он оқушыға ноутбук сыйға тартты. Және концерттік бағдарламадан кейін балалар облыс әкімінің ең тәтті сыйлығы торттан ауыз тиді.
Шыршаға қалалық және аудандық мектептерден үздік оқушылар, дарынды балалар, жетім балалар және аз қамтылған отбасынан шыққан балалар, кіші ассамблея балалары, мектеп - интернатының балаларынан 20 бала шақырылды.