ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 16 жастағы жасөспірім пышақ жарақатымен ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Қазалы ауданында тіркелген. Аудандық полиция бөліміне жасөспірімнің дене жарақатымен ауруханаға жеткізілгені туралы хабарлама түскен. Анықталғандай, белгісіз адам 16 жастағы жігітке пышақпен жарақат салған.
«Жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде пышақ жарақатын салған күдікті – 16 жастағы жасөспірім анықталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Бұл бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі арқылы 99-бабының 2-бөлігі 14-тармағымен (Адам өлтіруге оқталу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның орын алу себептері мен мән-жайлары анықталуда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Полиция департаментінен.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.