Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биылғы қала күні Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы құрметіне арналып, мереке аясында қалыптасқан дәстүр бойынша қала қонақтары мен тұрғындарының құрметіне сән-салтанатына сай мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылатын болады.
Мерекенің алғашқы күні, сенбіде «Мемлекеттік рәміздер алаңының» салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Сондай-ақ, Сырдария өзенін жағалай орын тепкен айналма жол «Тәуелсіздік» даңғылының ашылу салтанаты болады. Бұған қоса осы күні «Сәулет» мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің кілтін табысталса, «Ақмешіт» мөлтек ауданындағы жаңа «Солтүстік» автобекеті де пайдалануға беріледі.
Салтанатты шараның жалғасуы шаһардың келбетіне әр берген қалаға солтүстік бағыттан кіретін қақпаның ашылу рәсіміне ұласады. Сонымен бірге «Ақмешіт» мөлтек ауданында орналасқан «Мерейлім» балабақшасы ашылса, ҚР Тұңғыш Президенті саябағында 25 жас отбасына неке куәлігі тапсырылады.