ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада мемлекеттік сатып алу аясында мемлекет қаржысын игеріп, салық төлеуден қасақана жалтару дерегі азаймай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облысында мемлекеттік сатып алу шеңберінде 13,8 млрд теңге қаржы игерген 18 кәсіпорынның салықтан жалтарғаны анықталды. Ол салықтық камералдық бақылау арқылы белгілі болды.
«Нәтижесінде 14 салық төлеуші 159,8 млн теңгеге қосымша салық есебін тапсырып, ол бюджетке өндірілді. Сондай-ақ, күмәнді, жалған кәсіпкерлік белгісі бар фирмалармен өзара есеп айырысқан 4 кәсіпорынға салықтық тексеру жүргізілді. Сол арқылы 88,1 млн теңге қосымша есептелді және мемлекет қоржынына өндірілді. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады және мемлекеттің қаржысы қатаң бақылауда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық мемлекеттік кірістер департаментінен.
Мемлекеттік кіріс органдары құқық бұзушылықтың деңгейі жоғары аймақтарға назар салып келеді. Нәтижесінде салықты ерікті түрде төлеуге қол жеткізуді көздеп отыр.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.