ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында сиырға соғылған көлікте бір адам қаза тапты. Екі ересек адам мен екі бала дене жарақатымен ауруханаға жетізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Шымкент-Самара тас жолының Қармақшы ауданына қарасты Ақтөбе елді мекені тұсында болған. Lada Granta автокөлігінің жүргізушісі тасжол үстінде иесіз жүрген сиырға соғылған.
«Жол-көлік апаты оқиғасынан бір жолаушы көз жұмды. Одан бөлек бір әйел, екі кәмелетке толмаған бала дене жарақатымен аудандық ауруханаға жеткізілді. Ал көлік жүргізушісі алған дене жарақатынан жансақтау бөліміне жатқызылды. Аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Ведомство мәліметінше, сараптамалар тағайындалып, оқиғаның мән-жайлары анықталуда. Мал иесі іздестірілуде.
Айта кетейік, Қызылордада көлігімен жасөспірім қызды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушісі ұсталды .
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.