Жуырда өсіруге заңмен тыйым салынған 2305 түп сора өсімдігін күтіп-баптап жатырған жерінен 37 жастағы, 34 жастағы және 33 жастағы үш қала тұрғыны ұсталды. Тексеру барысында, аталған өсімдіктің жалпы салмағы 461 кг құрады.
Сонымен қатар, аталған аумақтан ыдыс-аяқтар, есірткі затын өсіруге және тұтынуға арналған құрал-саймандар мен өзіне тән иісі бар жасыл түсті заттек салынған 2 қап анықталды. Анықталған шөптектес затқа сараптама тағайындалып, нәтижесінде оның «кептірілген марихуана» екендігі белгілі болды.
Қазіргі таңда аталған үш азаматтың үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 300-бабы 2-бөлігі және 296-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Үш азамат та Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің Уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды.