ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы ауданында жаңадан салынып жатқан спорт кешенінде шатыр жауып жатқан бес адам жарақат алып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға бүгін, 25 қаңтарда сағат 11.00 шамасында Қазалы ауданының орталығы - Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр көшесі бойында жаңадан салып жатқан спорт кешені аумағында болған.
Спорт кешенінде төбедегі бөренелер құлап, салдарынан ауданда тұратын 30-40 жастағы 5 ер азамат жарақат алған.
Үшеуі «мидың шайқалуы, әртүрлі соғылған жарақаттар» диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Екеуіне алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіліп, үйіне қайтарылды.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы 1-бөлігімен іс қозғалып, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр»,- деді Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада айдалада балшыққа батып қалған жүргізуші құтқарылған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.