ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласындағы колледждің бірінде сабаққа қатыспаған студенттерге 17,4 млн теңге заңсыз стипендия аударған директор жазаланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық прокуратура Қызылорда қаласындағы колледждердің бірінде сабаққа қатыспаған және семестр қорытындысы бойынша қанағаттанарлық баға алған студенттерге стипендия аудару дерегін анықтады.
«Аталған дерек бойынша облыс прокуратурасы сотқа дейінгі тергеуді тіркеді. Сараптама қорытындысы бойынша келтірілген залал 17,4 млн теңгені құрады. Қызылорда қаласының №2 сотының үкімімен колледж директоры ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабында (немқұрайлылық) көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған жаза тағайындалып, келтірілген залал толық өтелді. Облыстық прокуратура тарапынан бюджет қаражатын игеру саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады», - деп мәлім етті облыстық прокуратурадан.
Еске салсақ, Қызылордада бюджет қаржысын қолды еткен бухгалтер сотталды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.