ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңіріндегі барлық су айдындары мен Кіші Арал теңізінде қызметтік катерлер, моторлы қайықтарымен су ішіндегі ау қалдықтары жиналып шығарылды. Сондай-ақ, балық шаруашылығы су айдындарының жағалауларын қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мұндай шара мамыр айында облыс аумағында «Таза су айдындары» атты табиғатты қорғау акциясы аясында өткізілді. Су айдындарын тұрмыстық қалдықтардан тазалау - басты мақсатымыз. Таза су - денсаулық кепілі, тіршілік көзі, облыс көлеміндегі су айдындары таза болса, денсаулығымыз да жақсы болады. Балық пен басқа да су жануарларының қоры көбейеді», - деді Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Марат Нұрмағамбетов.
Бұл шараға ауыл тұрғындары, студенттер, оқушылар қатысты. Нәтижесінде 48,5 тоннаға жуық әр түрлі тұрмыстық қоқыстар мен 1011 ау-құралдардың қалдықтары жиналып, тиісті орындарға шығарылды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.