ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдарда Қызылорда қаласында жыл сайынғы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде су құбырларының 70 пайызы толық жаңартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазіргі таңда Қызылорда қаласында қала тұрғындарына сапалы да жайлы жағдай жасау үшін тозығы жеткен инженерлік желілерді қайта жаңғырту қарқынды жүргізілуде. Осының нәтижесінде қала халқы таза жер асты суларын тұтынуда.
Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 13 жоба бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд 584 млн теңгеге 10 шақырым ауыз су және 7 шақырым кәріз су құбырлары қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр.
Сондай-ақ, қалаға қарасты елді мекендерде ауыз су жүйелерін жүргізуге 8 жоба бойынша республикалық, облыстық бюджеттен 1 млрд 34,8 млн теңге бөлініп, ол 74,5 шақырым ауыз су, 2 дана су жинау қоймасының құрылысына жұмсалады.
Жыл сайынғы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қалаішілік су құбырларының 70 пайызы толық жаңартылды. Бұл бағытта 16 млрд теңгеден астам қаржы тартылған.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.