ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда облысында сұйық зат тиелген шетелдік жүк көлігі өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға бүгін, 12 шілдеде сағат 7:53-те «Самара-Шымкент» тас жолының Арал ауданы аумағында болған. Жергілікті 112 құтқару қызметіне жол бойында жүк көлігінің өртеніп жатқаны жөнінде хабарлама түскен.
«Аталған шақырту бойынша №3 өрт сөндіру бөлімі оқиға орнына аттанды. Барлау жұмыстарының нәтижесінде тас жолдың 1311 шақырымында Түркиядан Қырғызстан астанасы Бішкекке бара жатқан фураның тіркемесіндегі сұйық зат толық жанып жатқаны анықталды. Көлік жүргізушісі аман. Өрт 9:25-те толық сөндірілді», - деп мәлім етті Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен.
Оқиғаның мән-жайы анықталып, шығын мөлшері есептеліп жатыр.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында қатты жел үйлердің шатырын ұшырып әкеткен.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.