ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы екі адам тіркелді. Қазір облыста аталған диагнозбен 28 адам ем алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Жақсылық Абдусаметов хабарлады.
«2020 жылдың 3 сәуірі күні жергілікті уақытпен сағат 16.15-те COVID-19 вирусының жаңадан 2 жағдайы тіркелді. Анықталған 2 азамат Шиелі және Қармақшы аудандарының тұрғындары. Олар бұдан бұрын COVID-19 вирусын жұқтырған адамдармен байланыста болған. Жағдайлары қанағаттанарлық»,-деді Жақсылық Әбілқасымұлы.
Қазіргі таңда облыста коронавирус инфекциясы анықталған азаматтармен қарым-қатынаста болған 662 адам бар. Оның 237-сі карантинде, 425 -сі үй жағдайында бақылауда.
Сондай-ақ, қызылордалық кәсіпкерлер иелігіндегі ғимараттарды карантин үшін босатып беретінін хабарлады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.