Мерекелік шараға облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, Татарстан Республикасынан арнайы шақырылған қонақтар, бірлестіктің ардагерлері мен жастары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Салтанат барысында бірлестіктің белсенді мүшелері облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
Дүниежүзілік татарлар конгресі атқарушы комитеті төрағасының бірінші орынбасары Данис Шакиров, Татарстан Республикасының Қазақстандағы өкілетті өкілінің көмекшісі Аяна Акимжанова және Қазақстандағы татар және башқұрт қауымдастығының президенті Габдулхай Ишмуратов бірлестікті 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, татар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Галия Гизатуллинаны және оның белсенділерін Дүниежүзілік татарлар конгресінің медалімен марапаттады.
Айта кету керек, татар этномәдени бірлестігі 1991 жылдың 27 қаңтарында құрылды. Тәуелсіздікпен бірге шаңырақ көтерген орталық аталған жылдар ішінде еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Бірлестіктің алғашқы төрайымы Ахмадеева Нағима Абдулқызы болатын. Нағима Абдулқызы татар этномәдени бірлестігін құрып, жұмысын жүйелеп, негізін қалады. Бірлестікті 20 жыл көлемінде Галия Гизатуллина басқарып келеді.
Бүгінгі күні Қазақстанда 300 мыңға жуық татар этносы өмір сүріп келеді. Ал, Сыр елінде 1500 татар этносы бар. Олардың белсенділері үнемі бас қосып, мәдени салт-дәстүрді жаңғыртуға атсалысып, бабадан қалған бай мұраларын сақтап қалуға барын салып келеді.
Бірлестіктің мүшелері әртүрлі салада тер төгіп, ел дамуы жолында еңбек етуде. Бастысы, олар бірлік пен бейбіт күндердің қадірін терең ұғынған. Сондықтан да ынтымақтың ұйтқысы болған облыстық Қазақстан халқы ассамблеясына олардың алғысы шексіз.
Мерекелік кеш аясында Татарстан Республикасының халық әртісі Фердинанд Фатхи, Халықаралық конкурстар мен фестивальдардың лауреаты Сирина Зайнутдинова жиналған жұртшылыққа әсем әндерін тарту етті. Татар халқының ұлттық биі мен әндері орындалып, Сыр өнерпаздары мерекеге орай өз өнерлерін ортаға салды.