Қызылордада техникалық оқу орнының базасы жаңартылмақ

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Елбасының «Нақты 100 қадам» Ұлт жоспары бойынша еліміздің 6 негізгі салалары үшін білікті кадрлар даярлайтын базалық 10 алдыңғы қатарлы білім беру мекемелері қатарына И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық колледжі кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Басқармадан берілген мәліметтерге қарағанда, өңірдегі аталған оқу орны елімізде жүзеге асырылып жатқан 2015-2019 индустрияландыру картасына енген жобаларды жүзеге асыруға қажетті жұмысшы мамандарын даярлайтын оқу орындарының қатарына 2 мамандық бойынша енген.

Елбасы жария еткен «Ұлт жоспарының»  77-қадамында: Экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына тарату мәселесі айтылған. Атап айтқанда, «Электрмен қамтамасыз ету» мамандығының «Техник-электрик» біліктілігі және «Есептеуіш техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының «Компьютерлік құрылғыларға қызмет көрсетуші техник» біліктілігі.

Қазіргі таңда, білім басқармасы «Кәсіпқор-Холдинг» АҚ-мен келісімшартқа қол қойды. Соның негізінде 10 инженер-педагог біліктілік арттыру курстарынан өтіп келді. 

Айта кетейік, аталған екі мамандықтың оқу материалдық базасын жаңғырту мақсатында 2017-2018 жылдарға республикалық бюджеттен 200 млн теңге қарастырылып отыр.