ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада танысының басын темірмен ұрып, оны ауыр жарақаттаған жігіттің 3 жылға бас бостандығы шектелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл қылмыстық іс Қызылорда қаласының №2 сотында қаралды. Сотталушының үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
Оқиға барысы былай өрбіген. Сот алдына келген Б үй ауласында таныстарымен сыра ішіп отырады. Бір сәтте ол танысының бірін сыра алып келуге дүкенге жұмсаған. Танысы одан бас тартады. Екеуара ерегіс болады. Танысы сотталушы Б-ның бетінен шапалақпен салып қалады. Сол сәтте ол қолына темір алып жәбірленушінің басынан ұрады. Осылайша танысының денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіреді.
Сотталушы өз кінәсін мойындады. Қызылорда қалалық №2 соты оны ҚР ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Оған пробациялық бақылау белгіленді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.