Қызылордада террорлық акт жайлы жалған хабар берген азамат ұсталды

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Кеше, 20 желтоқсанда сағат 15.40 шамасында Қызылорда ҚІІБ  Жедел басқару орталығына белгісіз бір азамат хабарласып, «Казкоммерцбанк» ғимаратының ішіне бомба қойылғанын және сағат 4 немесе 5 шамасында жарылатынын хабарлаған.

Оқиға орнына жедел түрде облыстық Ішкі істер департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің  күш-құралдары жұмылдырылып, ғимараттан 100-ден аса адам және жақын орналасқан кешендерден 50 адам қауіпсіз аймаққа шығарылып, ғимарат аумағы қоршауға алынды. ОІІД-нің арнайы мақсаттағы құрылым қызметкерлерімен және қызметтік іздестіру иттерінің көмегімен ғимарат іші және аумағы толық тексеріліп, нәтижесінде ешқандай жарылғыш зат немесе күдік тудырарлық құралдар анықталған жоқ.

Жедел іздестіру шаралары барысында «жарылғыш зат» қойылғаны туралы жалған хабар берген 1989 жылы туылған азамат анықталып, Уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азаматтың кінәсі дәлелденген жағдайда дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, деп хабарлайды Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі.