ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында тоғызқұмалақтан халықаралық турнир өтіп жатыр. Аталмыш шара мемлекет және қоғам қайраткері Нәлқожа Ергешбаевты еске алуға арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықаралық турнир бірнеше жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. 2017 жылдан бері аталмыш жарыс халықаралық деңгейге көтерілді. Оған қатысушылар саны жылдан-жылға көбейіп келеді.
Турнирдің ашылу салтанатына дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының бас хатшысы Мақсат Шотаев келді. Ол жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол Қызылорда облыстық тоғызқұмалақ федерациясының президентіне «Ең үздік жергілікті федерация» алғыс хатын табыстады.
Спорт сайысы биыл 12-ші мәрте жалауын көтерді. Биыл оған Ауғанстан, Әзербайжан, Болгария, Босния және Герцеговина, Моңғолия, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Қазақстанның әр өңірінен 200-ден аса тоғызқұмалақшы келді.
Жарыс классика бойынша 9 турда жас ерекшелігіне сәйкес төрт топта өткізіледі. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлердің есімдері 6 наурыз күні белгілі болады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.