Қызылордада төрт ғасырлық батырдың сауыты мұражайға тапсырылады

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесі қарсаңында Арал ауданының елді-мекендерінің бірінен ХҮІ ғасырдың аяғында ұлт бостандығы жолында сексеннен асқанша ат үстінен түспеген Айдарбек батыр Өрісұлының ақ сауыты табылды. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Төрт ғасырдан астам уақыт ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келген жәдігер Арал қаласындағы ұрпақтарының бірі, зейнеткер Жеткерген Нұрғабыловтың үйінде сақтаулы. Ақсақалдың айтуынша, таза болаттан жасалған тор көзді сауыттың салмағы 10 келіден асады.

Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Айдарбек батырдың ұрпақтары оның ат үстіндегі айбынды бейнесінен ескерткіш орнатқан. Қолда бар деректерге сүйеніп тарихи-танымдық кітап шығарылған.

Батырдың ұрпақтары ақ сауытты алдағы уақытта жергілікті мұражайға тапсырмақшы.