Қызылордада тұрғын үйдегі өрт кезінде 38 жастағы азамат күйіп қалды, жағдайы ауыр

Фото: Фото: Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында тұрғын үйде болған өрттің салдарынан 38 жастағы азаматтың денесін 75 пайыз күйік шалып, ауруханаға жеткізілді. Науқастың жағдайы ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

21 маусымда сағат 18:45-те Жалағаш ауданына қарасты Бұқарбай батыр ауылында тұрғын үй жанып жатқаны туралы 101 пультіне хабарлама түсті.


«Шақырту бойынша оқиға орнына аудандық №11 өрт сөндіру бөлімінен 5 қызметкер 1 техникамен барды. Барлау шарасының нәтижесінде тұрғын үйдің басым бөлігі ашық жалынмен жанып жатқаны белгілі болды. Өрт сөндірушілер бөлме ішінде ес-түссіз жатқан 38 жастағы тұрғын үй иесін құтқарды. Оны қауіпсіз жерге алып шықты. Жедел жәрдем қызметі жеткенше оған №11 өрт сөндіру бөлімінің бастығы азаматтық қорғау майоры Ербол Тәуекелов алғашқы медициналық көмек көрсетті. Денесінің 75 пайызын күйік шалған азамат дәрігерлердің қарауында. Оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр», - деді Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.

Ведомство мәліметінше, тілсіз жау 19:51 минутта толық сөндірілді. Өрттің шығу себебі мен шығыны анықталуда.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада 800 шаршы метр аумақта жанған ескі шиналар сөндірілді.