Келеңсіз жағдай 24 тамызда сағат 22.27-те Қызылорда қаласы, Абай даңғылы бес қабатты №28 тұрғын үйде болды. Өрт жөнінде 112 құтқару қызметіне қоңырау шалынған.
«Шақырту бойынша өртке қарсы қызмет оқиға орнына жедел жетті. Белгілі болғаны, аталған тұрғын үйдің 2 подъезінің бірінші қабатында электр есептегіш пен сыртқы кіреберіс ағаш есігі жанған. Адамдар өміріне қауіп төнуіне байланысты өрт сөндірушілер баспалдақ арқылы 13 адамды сыртқа шығарды. Олардың арасында алтауы бала. Өрт 22.54-те толығымен жойылды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі электр сымдарының қысқаша тұйықталуы», - деп мәлім етті Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында қорада жиналып тұрған 3000 бау шөп өртеніп кеткен еді.