ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жергілікті тұрғындардың орташа өмір сүру жасы ұзарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Соңғы деректер бойынша облыс халқының орташа өмір сүру жасының ұзақтығы 72,6 жасты құраған. Ол 2013 жылы 70,6 жасты шамалаған еді.
«Аймақта адамдардың өлім-жітім деңгейі 1,8 пайызға төмендеген. Олардың арасында қан-айналым жүйесінен, жарақат пен улану, қатерлі ісік пен өкпенің құрт ауруы сынды сырқат салдарынан болатын өлім-жітім деңгейі азайған», - деді Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Ақмарал Әлназарова.
Сыр өңірінде бұл бағытта іргелі істер атқарылып келеді. Аймақ медицинасында заманауи технологиялар енгізіліп отыр. Сондай-ақ, материалдық-техникалық базаны күшейтуге назар аударылады. Соңғы екі жылда облыс бойынша 25 медициналық нысан ел игілігіне берілген. Мамандар тапшылығы мәселесін жою да әрдайым басшылық назарында.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.