Қызылордада түрме аумағына есірткі лақтыруға әрекеттенген адам қолға түсті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада түрме аумағына есірткі лақтыруға әрекет жасаған адам қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінің жедел бөлімінің қызметкерлеріне жедел ақпарат түсті. Онда мекеме қоршауынан сотталғандардың пайдалануына тыйым салынған заттарды сырттан лақтыратыны айтылған.

Жедел бөлімінің қызметкерлері мекеме аумағына тыйым салған затты жеткізуші адамды тасалау жерде күтті. Қылмысқа әрекеттенген ер адам алдымен мекеме маңайын торуылдап, кейін арам ойын іске асыруға беттеген мезетте мекеме қызметкерлері қолға түсірді. Жедел түрде 102 нөміріне хабарласып, мекемеге Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жедел-тергеу тобы шақыртылды.

«Қолға түскен ер адамнан үш дана нығыздалып оралған өткір иісі бар зат тәркіленді. Тәркіленген зат бойынша сот сараптама жұмыстары тағайындалды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен.