Қызылордада ТЖ мамандары тұрмыстық газды пайдалануда сақ болуға шақырды

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарды тұрмыстық газ баллондарын пайдалануда сақ болуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, соңғы үш жыл ішінде облыс аумағында тұрмыстық газ баллондарын тұтыну барысында қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан 13 төтенше жағдай болған.

«Оның 10-ында газ баллонының ақауынан өрт шықса, 3-уінде газдан улану жағдайы тіркелген. Соның салдарынан 3 адам қаза тауып, 20-сы түрлі дене жарақатымен және күйікпен ауруханаға жатқызылған», - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің маманы Айгүл Нұрманова.

Департаменттің дерегіне сүйенсек, бүгінгі таңда облыс тұрғындарының 60 пайызынан астамы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Ал қалған 40 пайызға жуығы әлі күнге дейін тасымалды баллон пайдаланады.

Мамандардың айтуынша, кез-келген орында тұрмыстық газ баллондарын құюға тыйым салынған. «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы №532-IV Заңына сәйкес, автогаз құю станцияларында сұйылтылған газды тұрмыстық газ баллондарына құюға мүлдем болмайды.