Қызылордада Үкімет мүшелері жергілікті кәсіпкерлермен жүздесті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірінде жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы «Жан-Арай Жем» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Онда қала, аудан әкімдері, өндіріс орындары, бизнес құрылымдары, кәсіподақ ұйымдары басшыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Серіктестік 2002 жылдан бері жұмыс істеп келеді. «Жан-Арай» ЖШС ауылшаруашылығы үшін түйіршіктелген құрама жем шығарып, күрішті қайта өңдеумен айналысады. Бүгінде кәсіпорын елімізде күріш өңдумен айналысатын іргелі кәсіпорынның бірі саналады. Мұнда заман талабына сай неміс технологиясы арқылы тәулігіне 150 тонна өнім өндіріледі.

Сондай-ақ, агрокешен соңғы жылдарда құс шаруашылығын дамуға назар аударып отыр. Қазіргі таңда серіктестік 7 мыңға жуық қаз бен үйректің балапандарын өсіреді. Осылайша жергілікті тұрғындарды экологиялық таза құс етімен қамтамасыз етуге де жол ашылды.

Үкімет басшысының орынбасары агрокешен ғимаратында өткен қала, аудан әкімдері, өндіріс орындары, бизнес құрылымдары және кәсіподақ ұйымдары басшыларымен кездесуінде бүгінгі күні елімізде әлеуметтік және кәсіпкерлік сала бойынша атқарылатын жұмыстар барысына тоқталды.

«Бүгінгі таңда еліміздегі кәсіпорындарда жалақы берешегі мәселесін болдырмауға барынша назар аударылып келеді. Сонымен қатар, төменгі табыс деңгейінде айлық алып жүрген тұрғындардың жалақы мөлшерін арттыруға көңіл бөлінуде. Бұл бағытта елімізде көптеген компания қолдау білдірді. Осындай игі бастамаларға Қызылорда облысы кәсіпкерлері де үн қосады деген сенімдеміз», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Сыр өңірінде жалақы жөнінен берешек компаниялар мен кәсіпорындар саны көп емес екенін атап өтті.

«Алдағы уақытта бұл түйткіл толықтай шешімін табады деген үміттеміз. Сондай-ақ, қызылордалық кәсіпкерлер жалақы мөлшерін арттыру мәселесіне көңіл бөледі деген сенім зор», - деді Бердібек Сапарбаев.

Естеріңізге сала кетелік, бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Қызылордаға келді.

Үкімет мүшелері көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үйлер құрылысымен танысты.

Сондай-ақ, Үкімет мүшелері жергілікті тұрғындармен кездесті.