Әлемдік доданың аймақтық штабтары жасақтаған эстафета бағдарына сәйкес ұйымдастырылған шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябақтан бастау алды.
Эстафета алауы маңына жиналған көпшілік әуелі шағын концерттік бағдарламаны тамашалады. Салтанатты шараны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ашты. Аймақ басшысы өз сөзінде ел спортының бағындырған биіктерін атап өтті. XXVIII қысқы Дүниежүзілік Универсиаданы өткізу Қазақстанды әлде де жалпақ әлемге таныта түсетін жетістік екендігіне тоқталды.
- Әлем жұрты көз тіккен Универсиаданың сәтті өтуіне тілек қосамыз. Бұл айтулы шарада жастық пен достық жеңеді деген ойдамыз, - деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің лебізінен кейін XXVIII қысқы Дүниежүзілік универсиада гимні ойнатылды. Сыр жеріндегі Универсиада алауының жағылу салтанаты елімізге белгілі жеңіл атлет, Универсиада дирекциясының өкілі Өмірсерік Бекеновтің алауды облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа тапсыруымен түйінделді. Осыдан кейін облысымыздан алауды алып жүру құрметіне ие болған азаматтар легі «Болашақ» университетінде қарай жол тартты. Шараның бірінші кезеңі «Болашақ» университетінің алдында мәресіне жетеді. Эстафетаның екінші кезеңі сағат 14-00 «Ақмешіт» институты алдында жалғасын табады.