Өңірдің батыр есімімен аталатын ауылында «Ерлік жырын жырлаймыз» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы, «Мәңгі жас боп жүректерде сақталдың» атты аудандық патриоттық әндер байқауы, мерекелік гала-концерт ұйымдастырылды.
Ү.Түктібаев бюстінің ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, аудан әкімі Нажмадин Шамұратов бастаған ел ағалары, республика көлемінде келген мерейтой қонақтары қатысты.
Батырдың ғасырлық мерейтойына арналған салтанатты шара театрландырылған қойылыммен басталды. Р.Рүстемов облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, кешегі жаһан соғысында Отан үшін отқа түскен қаһармандардың биік тұлғасын ардақ тұтып, есімдерін естен шығармау - бүгінгі ұрпақтың парызы екендігін, есімі мен ерлігі Сыр елімен бірге жасап келе жатқан батыр бабамыздың мерейтойы Рухани жаңғыруға өзіндік үн қосатынын айтты.
Нақты деректерге қарағанда, Үрмәш Түктібаев 24 жасында майданға аттанады. Екінші Прибалтика майданы 3-екпінді армия 391-атқыштар дивизиясы 1280-атқыштар полкі құрамында соғысқа қатысқан ол алғашқы кезде пулеметші, кейін пулеметшілер бөлімшесінің командирі болады. Ерлігі ескеріліп, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Перели үшін ұрыста кіші сержант тайсалмастан жаудың 20 әскерімен жеке айқасқа түскені туралы да деректер бар.
Мұнан соң қонақтар батыр мерейтойы қарсаңында абаттандырылған «Жастар» алаңымен танысты.
Айта кетейік, биыл батырдың 100 жылдығы аясында баба атындағы ауылда ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде ауылды абаттандыру жұмыстарына аудандық бюджеттен 63 млн теңге, ауылдағы алты көшені жөндеуге облыстық, аудандық бюджеттерден 76 млн теңге қаржы бөлінді. Бөлінген қаржыға сәйкес ауыл орталығынан «Тағзым алаңы» мен «Жастар» алаңы жасалып, батыр бабаның бюсті орнатылды.
Бүгінгі жастарды патриоттыққа тәрбиелейтін игі шаралар Мемлекет басшысының Ұлт жоспары бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам еңбегіндегі 89-қадамда нақты айтылды. Онда: «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру. Мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына мәңгілік ел құндылықтарын енгізу мәселесі көтерілді. Бабалар рухын қастерлеу мәңгілік ел идеясымен астасып, болашаққа бағдар болып қала берері анық.