Қызылордада үш жылда 7 мың отбасы баспаналы болды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қызылордада жалпы ауданы 8160 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биылдың өзінде 80 көпқабатты тұрғын үй салынды.

Облыста салынып жатқан құрылыстардың 80 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. Соңғы 3 жылдың ішінде Қызылордада жаңадан  11 шағын ауданның бой көтеріп, 7 мыңға жуық отбасының жаңа пәтерге ие болуы мыңдаған отбасының берекесін арттырды, - деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі облыстық әкімдікке сілтеме жасап.

Қаладағы 54 мек­тептің 22-сі, 26 мемлекеттік бала­бақ­шаның 18-і тәуел­сіздік жылдарында пайдалануға берілген. Мұнан бөлек, 194 жеке балабақша жұмыс жасауда.

Қызылорданың жақын болашақтағы даму үрдісі әлемге аты әйгілі қалалардың, ел байтағы - Астананың үлгісімен Сырдария өзенінің сол жағалауына қарай бағытталмақ. Жоба бойынша Сырдария өзенінің сол жақ бөлігінде этно-мәдени орталықтар, әлеуметтік нысандар, сауда, сауықтыру орындары мен қонақ үй кешендері және басқа да бизнес орталықтар салу көзделген.

Жалпы қаланың сол жағалауын дамыту барысында қазақтың ұлттық және шығыс пен классикалық сәулет өнерінің элементтері қолданылады. Жоба іске аса бастағанда Сырдың бас қаласы бүгінгіден де басқа жаңаша келбетке ие болады.